КУН АСТЫНДАҒЫ КҮНЕКЕЙ ҚЫЗ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

1973 еді.
У-шу бала едік ұшқалақ.
Алматы барсаң – кеткісіз еді,
Арбайтын еді ұстап ап!
Жалындап жүрген жас ақын едік
Жаңа өскен өрім талдардай,
Бас қоссақ – жырға басатын едік
Қымызға тойған шалдардай!
Өлеңнен алып дәру – жанына –
Сезімнен, ойдан су жаңа –
Ару – шаһардың арулары да
Арбалды біздің Музаға.
Таң-сұлу көрсек таласып-талып
Думанға еріп сүйрелдік.
Ай-сұлулардан адасып қалып,
Алдауды біз де үйрендік…
Парызын елдің бір өтейміз деп
Арманға жүрдік арбала.
«Күн астындағы Күнекей қыз!» – деп
Сарнайтын еді сары бала…
Басқа өлең ауызға алусыз қалды –
Ертектен Пегас желіп кеп.
Аңызда жүрген ару қыздарды
Жырлайды ел соған еліктеп!
Керімсал нұрды айт келбетіндегі,
Кейін ол бөтен күйге енді:
Күнекейге емес… Жер бетіндегі,
Басқа бір қызға үйленді!
 
 
 

Ақсұңқарұлы Серік

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *