КрЕСЛо – БЮроКрАТ

Талантты да тастайтұғын ысырып,
Дөңайбат қып сөйлегенде ісініп –
Кресло дейтін тақтың үстінде
Пайда болды Кресло – Кісілік.
Талай залды өктем үнмен жаңғыртып,
Талай зілін көкейінде қалды іркіп.
Серік түгіл, Мұқағали келсе де,
Қабылдамай жібереді қаңғыртып!
Оған енді қай құдірет тең келер?
Шығып көрсін өз күшіне сенген ер!
Көз сүзіп тұр Кресло – Құдайға
Орындық боп кеткен өңкей пенделер!
Аянышпен қараймын сол мүскінге,
Ауысып-ақ тұрғаны ма күш күнде:
Кемтар мүскін отыр, міне, патша боп,
Кресло дейтін тақтың үстінде.
Арыз айтсаң кенет ашу шақырып,
Абайсызда жібере ме ақырып.
Адам деген Орындықтың тағдырын
Шешіп жатыр Кресло – Мақұлық.
 
 
 

Ақсұңқарұлы Серік

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *