Жұрттың бәрі аяды,
Аяп кетті командир,
Сұлтанға ол келді де,
Деді: «Мұны алып жүр».
Сұлтан итін көтеріп,
Алып кірді вагонға,
Арсалаңдап мәз болып,
Қуанды-ау бір ит сонда…
* * *
Сұлтан жетті майданға,
Жетті бірге Сырттаны;
Тарсыл, гүрсіл бір дүние
Сырттан мәнін ұқпады.
Бар білгені, баққаны –
Иесінен адаспау,–
Бір айнымас мінезі –
Сұлтан жауы – оған жау.
«Сырттан, Сырттан, Сырттан» деп,
Еркелетті солдаттар,
Бір взводта бір өзі
Болған соң, не кемдік бар?
Әр солдаттан сый көріп,
Кетті Сырттан семіріп,
Асыр салып ойнайды,
Әлденеге еліріп.
* * *
Сұлтан болды барлаушы,
Түн жамылып кетеді,
Автоматын алға ұстап,
Итін бірге ертеді.
Талай рет ер Сұлтан
Аңдып бақты фрицті;
Серік болды Сырттаны,
Білдіріп жат иісті.
Талай рет ер Сұлтан
Жекпе жекте шайқасты,
Алқымында фрицтің
Сырттан тісі айқасты.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ