Деді де ол жалын шарпып
Жіберді өртеп жау танкісін.
Ол темірден алды тартып,
Адамзаттың өнер күшін.
Ыза боп жау жіберді өрт,
Кідірді ер, оқ таусылып.
Автоматы ең соңғы рет
Алды демін, тынды сұлық…
«Алтын туын бостандықтың
Бір килодай қорғасынға
Күліп тұрып, сатқан сұмға
Мен бе екем болар тұтқын!»
Серпіп ойын, сілкіп бойын,
Тұрды атып қарады өртке,
Қалды қатып, салды зейін,
Таңғажайып бір суретке:
Қызыл, жасыл киінген өрт
Көрінді оған боп қыз ойнақ,
Толқын торғын, жайнап букет,
Тым сиқырлы билеп, ойнап.
Айтып жұмбақ өлеңдерін
Аңыз болып бір сұлу жар.
Желпіп жалын желектерін,
Келе жатты от сұлулар.
Ашып отқа омырауын,
– Естісін, – деп, – қырсық жауым.
Айтты ол шырқап өрт ішінде
Сүйген әні «Қарғам-ауын»…
Қайсар батыр от киінген
Күш қайратын тіске жиып,
Жаңағы ақшыл ер жүзінен
Жалын тілін тұрды сүйіп.
Шұғыла шалған кешкі бұлттай,
Толқын шашты оттар ойнап,
Өрт топанын кешіп Нұхтай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап,
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ