Құралай көзі мөлдіреп,
Кекіл шашы желбіреп.
«Папалап» кеп әрдайым,
Сүйдіретін маңдайын.
Қозым менің, құлыным,
Әрі қызым, әрі ұлым.
Құсым менің, құлыным,
Әрі қызым, әрі ұлым.
Құсым менің, құлшынған,
Гүлім менің құлпырған,
Қызығына үй толған,
Көкірегіме күй болған.
Жалықтырмас жәрмеңкем,
Жайдары жаз, ақ еркем.
Көп түсірген ой маған,
Алтын оттай ойнаған.
Қуанышым арнасы –
Өмірімнің жалғасы.
Қағаз алып тартпадан,
Жазыпты ғой хат маған.
«Папа, сені сағындым…»
Деп жазыпты дарындым.
Толған жоқсың алтыға,
Сенің тұңғыш хатыңа
Қараймын да мәз болам,
Жаз осылай, жаз, балам!
1952, Қырым.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ