Дантең менен Абайым шықты алдымнан
Ұйқтап жатқан жерінен түрегеліп!
Ақының кім? Ақының – мен бе сенің?
Абайыммен қалайша теңдесемін?
Ақының кім? Ақының – мен бе сенің?
…Мен өмірге ақын боп келмесем де,
Әйтеуір, бір пақыр боп келмес едім.
* * *
Көзіме шер – жас толды да,
Жырыма көшті зіркілі.
Шешеміз жесір болды да –
Жетім боп қалдық бір күні…
Жаралы – жүрек. Айт, емін!
Көз – басым сонда – көнек-ті.
Еркектің көбін қайтейін,
Әкемнің орны бөлек-ті.
Жақсы екен бары-жоғынан!
Бауырына тартар мәпелеп,
Біреудің еріп соңынан
Жүгіргім келді: «Әкелеп!..»
Тұйыққа барып тірелдім
Шикі ойды тағдыр пісіріп.
Біреудің ұлын… біреудің
Аямайтынын – түсініп!
Сиреді шалдың қатары.
Болмысқа осы болдық таң.
Абдырап Адам – Атаны
Айта да берем сондықтан…
Ақсұңқарұлы Серік