БАЛЛАДА

Жүрегімді аумайтын домбырадан
Құлақ күйін келтіріп сол бұраған.
Кердеңдеген кей пенде кешірмесін,
Тек – сол бала кешірсе болды маған!
Әлі есімде мектепке барғаны да,
Қаншама 2, қанша 5 алғаны да.
Киіз үйде отырған сол баланың
Құлақ түрсең іштей ән салғанына!
Ұшқыш болсам деуші еді. Жырақтағы
Жиһанкез де болуды ұнатқаны –
Бәрі есімде. Жарық-ты мұрат – таңы
«Батыр болсам…» дейтұғын аңғал бала,
«Ақын болсам…» деген жоқ бірақ-тағы.
Ақын болсам дегем жоқ. Серігіңде –
Құпия көп, көз салсаң көңіліне.
Енді, міне: өзектен өлең өріп
Артып алды бір жүкті өміріне.
Сұра көктен, даламнан сұра менің,
Сұра әкемнен, анамнан сұра менің.
Ақын болсын демеген, алаң оймен
Адам қылып жаратқан мұрагерін.
Ғашық болып гүл-қызға; батыр ұлға
Жүрек шерін армансыз сапыруға,
Таяздарды тереңге батыруға,
Жетесіздің бастарын қатыруға,
Ұзақ таңды ұйқысыз атыруға,
Ата-ананың тыңдамай ақылын да –
Ақын болып кетіппін ақырында…
Жұмып алып көзімді жүре беріп
Кереметтен – кетіпті жүрек еріп.
 
 
 

Ақсұңқарұлы Серік

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *