Айта алмаймын тілім, мүлде, күрмеліп,
Табиғатты тексереді кім келіп?
Мәз болсын деп ұқсаспын деп ақынға
Біреулерді сайратыпты тіл беріп.
Сөйтіп, тірлік танымастай өзгеріп,
Өзгеріппіз біз де желеу сөзге еріп.
Ұқсасын деп мергендерге, табиғат
Біреулерді мәз қылыпты көз беріп.
Табиғат бір қызық кітап.
Аш, көріп:
Оқыр едің көзге күлкі… жас келіп.
Мәз болсыншы ұқсаспын деп адамға –
Есекті де ырза етіпті бас беріп!
Дүниеде мұндай дарқан көрмедік,
Бәрімізді қарық қылды-ау ол көріп.
Бір бергенде мырза қолы мол беріп,
Жендетті де ырза етіпті қол беріп!
Табиғаттың бір бөбегі – Жер еді,
Соғыстардан жанды жасыл желегі.
Сол жендеттер сол қолымен, мінеки,
Қолдан келген жерін… өртеп келеді!
Ақсұңқарұлы Серік