АҚ СӘУЛЕ

Бір күй бар домбырамда тартылмаған,
Бір сыр бар көңілімде айтылмаған.
Сен үшін келдім сақтап, сүйген сәуле!
Көзіңнен айналайын жалтылдаған.
Ақ сәуле, аспанда Аймен таласасың,
Төгіліп иығыңа қара шашың.
Жалт беріп құралай көз қарағанда,
Жанымның жайлауындай жарасасың.
Ақ сәуле, арнадым мен арманымды,
Бұлбұлдай аялаған таңда гүлді.
Көркіне еңбегі сай келіп тұрған,
Арман не көргеніңде жан жарыңды!
* * *
Дариғашым, Дариғашым!
Қуанышым, балақаным.
Шешең – Сәпен, әкең – Қасым
Жайды саған алақанын.
Құсымыз боп қондың қолға,
Махаббатың бал бөбегі.
Көп күттіріп, келдің зорға
Өмірімнің бар керегі.
Шықты нәзік тұңғыш үнің
Күйіндей боп арманымның.
Қуанышы үй ішінің
Адам болып, алда тұрдың.
Кіп-кішкентай көзіңді ашып,
Қарадың сен, көрдің жарық.
Өмірге ендің тайталасып,
Болмай жылап, тыпыр қағып.
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *