Ақындарым-ай…
Тоқтады қанша, соқпады қанша ел жүрегі?
Мемлекеттік Штыкты қорғап біреуі,
Біреуі өлді елемей елдің жара… зарын,
Басымен ұрып Мемлекеттің Барабанын…
Біреулер өлді…
Не деген сорлы сүреңі,
Мемлекеттік Етікті жалап біреуі –
Өліп барады!
Осы ма үлгі, өнеге?
Тағы да біреу осылай… текке өле ме?!
* * *
Бас ием, менде ерік жоқ сен дегенде,
Болса еркім ессіз жандай сенделем бе?
Ханыша болсаң да бас имес едім,
Махаббат жаһангері жеңбегенде!
Бас ием, өлең болып өрім кеуде,
Қайтейін, сөгілгенде… өрілгенде?
Бас ием, армандасым!
Қайран басым
Иіліп көрген емес көрінгенге!
Бас ием. Бағындыра түстің мені.
Бас ием. Табындыра түстің мені.
Жалғанда жүрегіме жақын – Сенсің
Адамнан жұмыр Жердің үстіндегі!
Бас ием махаббаттың мас… құрбаны
Абдырап, ағар көзден жастың бәрі.
Ақсұңқарұлы Серік