Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл, жүрек!
Бар арманым асқар тауым,
Көтеріл, ел, намыс туы! –
Деп ер ұлан бақты жауын,
Жарқ-жұрқ етіп жан ашуы.
Қанды пышақ – жау күлкісі
Қақ жарғандай түн жүрегін,
Шошып ұшты орман құсы,
Көл күрсініп алды демін.
Ер күрсініп алды демін.
Қызғыш болып қызғанышы,
Қимай жауға көл арнасын,
Жалын шарпып, дем алысы,
Құшып жерін, сүйіп тасын
Жүрегіндей сол аймақтың
Аласұрды намысты ұлан,
Ащы зары махаббаттың
Естілгендей күйінді жан,
Кеуде кегі жан ашуы
Кетті шығып от өзектен…
Көтерілді жаудың шуы
Түскендей-ақ қаһар көктен.
Айнала жау ырсыл қағып,
Айдаһардай көтерді бас.
Кетті ілезде қызып, жанып
Дүниедегі бір ұлы айқас.
Зілзәлә боп жер мен аспан,
Соқты ұйытқып оқ бораны:
Қан кілкіте қара тастан,
Түткіледі кең даланы,
Түсіргендей көктің миын
Зіркілдеді зеңбіректер.
Естігендей дозақ күйін
Көрден ытқып шықты өліктер.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ