Ашулы жел ащы даусы,
Тұндырғандай жау құлағын.
Сол аймақтың әрбір тасы
Ұшқандай ед құс боп көкке,
Қанды көбік қара топан
Ортасында бейне шың тас,
Өр кеудесін етіп қалқан,
Сол баяғы жатыр бір жас.
Қойып Айды қарауылға,
Күн де шомды ұлы ұйқыға.
Қонды орманға қорғасын бұлт
Жат дыбысқа құлағын сап,
Тың тыңдаған адамға ұқсап,
Айнала аймақ тұрды жым-жырт.
Ойшыл орман мүлгіп, қалғып,
Төңіректің сырын аңдып:
Жайлап қана тартып сырнай,
Сыр шертеді ну қарағай.
Сонау орман етегінде
Жаланған от сатыр-сұтыр.
Қанды ізін қара түнге
Көме тастап жаулар отыр.
Сол бір оттан ыршып бір шоқ
Түсті ме ер кеудесіне?
Қойылғандай болды сол от
Динамиттің білтесіне.
Қасақы жау қарсы алдында
Қасақана көрсетіп қыр,
Сенің алтын ошағыңда
Ұрлық отын жағып отыр,
Түскен дұшпан терезеңнен
Қапылыста салып жара,
Қуса сені өз төріңнен,
Көнсең соған,
Не масқара!…
Құдірет күші, жер жаһанның
Қанатын бер қыран құстың,
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ