Майдан етіп дүние төрін,
Темір, болат қақтап отқа,
Жекпе жек кеп өмір, өлім,
Соққыласып жатқан жоқ па?
Арқалап сол майдан жүгін,
Қырғын соғыс ортасында,
Көкірегінің кекті зілін,
Қоса түйіп қорғасынға –
Қанды қырғын қапылыста
Айырылып бар жолдасынан
Жараланған жолбарыстай,
Өрт жанарлы бір жас ұлан
Ырғып бұлттан түсер жайдай.
Өзі оқ боп атылғандай,
Ерегіске жанын тігіп,
Күтті жауын,
Тас бекініп.
Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай қаптап,
Найзаға іліп ар ұятты, –
Келе жатты сұм жендеттер!
Жиіркеніп,
Жиырылды жер,
Жауға тамшы татырмастай
Буырқанып тасты өзендер.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ