«Әлжаппар қолына ұстап «Жас түлегін»,
Кетіпті көремін деп көмір кенін,
Шаршап-ақ жүрген шығар шахта астында,
Ол өзі жек көруші ед семіргенін.
* * *
Түбінде Ғали отыр Еменінің
Ақ шалып бара жатыр бастың түгін.
Қайтсін бұл қажыған ғой көтерем деп,
Жамбылдың тастап кеткен ауыр жүгін.
* * *
«Дөң асып», «Жанартауға» барды Ғабдол,
«Жанартау» – жолы өте бір қия жол.
«Ақ тары», «Шұбар таяқ» асулары
Асырмай, қатты шаршап қалды Ғабдол.
* * *
«Егерде қазақ ұлы екенсің сен»,
Қалижан, қайтер едің сөзге көнсең.
Шашылмай онда-мұнда жазсаң өлең,
Кетер ме Жұмабайда сенің есең?
* * *
Әкелші Жұмағали лирикаңды!
Жанында Күләндаңның ұйқым қанды.
Жырлашы өз тілімен әр дәуірдің,
Мінгізбей Тайбурылға Бауыржанды.
* * *
Қуандық, сен шыққанда шын қуандық,
Аялап алдымызға «Арыңды» алдық.
«Құлақ тос көрден сен де, аруақтар!»
Айтпаймын арғы жағын, аллауақпар.
* * *
«Әлхамды Әбу Эльмин Атырауын»,
Ақшамда аралапты Балқан тауын.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ