«Қыз-Жібек, Ақтоты мен Баян сұлу

«Қыз-Жібек, Ақтоты мен Баян сұлу,
Қыз тусаң, о дариға, солардай ту!»
Деген жыр шалынған соң құлағына
Ғабеңнің жүрегіне бар ма тыншу!
Ыза боп Қозы менен Төлегенге,
Қаратпай үш сұлуды өле-өлгенге.
Ертіп кеп театрға енгізіпті,
Білмеймін ештеңесін одан өңге.
* * *
Әбділда таңғаламыз мінезіңе,
Кіргізбей «Көтерілген күмбезіңе».
Дейсің-ау «Біз де қазақ» баласымыз,
Күмбезді салып па едің бір өзіңе?
Ала кір ең болмаса Шахметіңді,
Бұл Шахмет алмай қойды біздің тілді.
Жіберді өкпелетіп «Марабайды»,
«Алдармен» дос болған соң, аяр кімді?
* * *
Шомылып Асқар отыр сонау Сырда,
Берерін бергендей-ақ бір ғасырға,
«Қолдай көр Қожахмет Яссауи» деп,
Ол отыр, «Уборщица» тұр қасында.
* * *
«Миллион қол», «Күн тіл қатты», «Тасқын»,
«Нарын»,
Тайыр ап, таусып қойды-ау гонорарын.
«Ақылдан қайғы» жасап алғаннан соң,
Білмеймін «Сұр құлынмен» не табарын.
* * *
«Астында қызыл тудың қызыл тайынша»,
Япырым-ай, «ыңқылдайды» ол қалайша?
Құдіреті Ғабиденнің күшті емес пе,
Балқытты темірді де осылайша!
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *