ҚОҢЫРҚҰЛЖАНЫ ЖОҚТАУЫ

 
Бісмілләдан бастайын,
Шариғаттан аспайын.
А, дариға, жақсы атам,
Өтіп кетті дүниеден.
Ханзаданың баласын
Жоқтаусыз қайтып тастайын?
Ойбай-ау, жақсы атам-ау!
Ай, бұл жалғаннан барамын,
Көзім жасын тыя алмай,
Көкірегім де барады,
Қайғы-дертке сыя алмай.
Өлім берді жасымда,
Басым салып базарға,
Көп ішінде жақсылар,
Сөз бастаудың қиыны-ай!
Ойбай-ай, жақсы атам-ау!
Әй, әуелі өткен атамыз,
Басында қайғы-қапамыз.
Өтіп кеткен ханзада,
Жұртына түскен жапаңыз.
Шариғатта бұзық жоқ,
Айтқан сөзде обал көп.
Кешірсін құдай қатамыз.
Үй ішінде жақсылар,
Қабыл болсын батаңыз!
Ойбай-ау, жақсы атам-ау!
Әй, ханзаданың баласы,
Алтын тәжі басында,
Иманың жолдас қасыңда.
Ақылға деген кен едің,
Мұхит, дария суындай.
Айбатлу едің еліңе
Сары алтынның буындай.
Ойбай-ай, жақсы атам-ау!
Біразырақ айтайын
Жақсы атамның кеңесін.
Жақсы атамның тұсында
Қуандықтың баласын
Естуші ме едің, ағалар,
Адам хақын жегенін?
Біраз көңілім басайын,
Ханзаданың баласын
Жоқтаусыз қалды демесін!
Ойбай-ау, жақсы атам-ау!
Әуелі өткен заманда
Алды ма өлік мазаңды?
Біразырақ айтайын
Құдайменде бабамды.
Асыл да туған қарағым,
Алпыс сегіз жасыңда
Жеткізді құдай қазаңды.
Ойбай-ай, жақсы атам-ай!
Үлкендер берсе ақ бата,
Қайғымен болдым көп қапа.
Ойбай-ай, жақсы атам-ай!
Арғы атаң сенің Жошы хан,
Айрылдым дәулет құсынан.
Байлық пен бағаң таймаған.
Жиырма төрт ата тұсынан,
Көп ішінде қақсатып,
Дүнияда қиын жоқ екен,
Ойлап, тұрсам, ағалар,
Құдіреттің ісінен.
Ойбай-ай, жақсы атам-ай!
Хүкім келсе кім түспес
Айдындай гауһар тағынан.
Кім қалады, ағалар,
Алланың атқан оғынан?
Аңдып жүрген дұшпанның
Жұлдызы туды оңынан.
Бір ханзада жоғалттым
Құдайменде тобынан,
Ойбай-ау, жақсы атам-ау!
 
Әйеке Бектөреқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *