Қарай-қарай, көзімнің нұры бітпес,
Айта-айта көңлімнің сыры бітпес.
Жалын жүрек, жасын тіл, жас ақынның
Сүйгеніне арнаған сыры бітпес.
Өзіңе аян, мен саған ғашық едім,
Сыр сандығын өзіңе ашып едім.
Жанға қимас сандықтың бар асылын
Аямай-ақ өзіңе шашып едім.
Сені өзімнің көзімдей көріп едім,
Сандық кілтін қолыңа беріп едім.
Дүние құнын тең көрмес сандығымды –
Жүрегінде сақтар деп сеніп едім.
«Мә, сандығым! Бірақ, сен, сақта» дедім,
«Сандық-жүрек! Ұстатпа жатқа» дедім.
«Қызбалықты өмірдің базарында –
Қызып кетіп сандықты сатпа» дедім.
«Сандығыңды мен қабыл алдым» дедің,
«Сандығыңның сырын қандым» дедің.
«Екі сандық бұйымын бір-біріне
Қосып, сылап, құрметтеп салдым» дедің.
«Сандық-жүрек! Сен маған бердің» дедің,
«Еш күмәнсіз өзіңе сендім» дедің.
«Қол ұстасып бірге өтсем, арманым жоқ,
Жаным – сендік! Қайтсең де көндім» дедің.
Сандық-жүрек! Сақтауға бердің сөзің,
Қос сандықпен күшейді жастық сезім.
Дәл сонда сен: «Уағда, мен – сенікі!»
Демеп пе едің, жаудырап қара көзің?
Мен де сонда сертімді беріп ем-ау,
Қылығыңмен бойымды жеңіп ең-ау.
Бүкіл дүние сұлулығын берсе-дағы,
Бәрінен де сені артық көріп ем-ау!
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ