Сүйдім сені, сандуғаш, қуға теңеп

Сүйдім сені, сандуғаш, қуға теңеп,
Гүл, жапырақ, қызғалдақ, нуға теңеп,
Сүйдім сені – айдыннан күн шығарда
Көтерілген жібектей буға теңеп.
Сүйдім сені ерекше жанға балап,
Сүйдім сені жүрекке, қанға балап,
Сүйдім сенің жүзіңді – май айында
Саз беріп атқан нұрлы таңға балап.
Сүйдім сенің көзіңді нұрға балап,
Сүйдім сенің сөзіңді жырға балап,
Сүйдім сенің оймақтай ерініңді –
Балбыраған ал қызыл сырға балап.
Сүйдім сенің шашыңды қойған тарап,
Көзім тоймас күніне сансыз қарап,
Сүйдім сенің қиылған қастарыңды
Жаңа туған бір жаңа айға балап.
Сүйдім сенің кірпігің, қабағыңды,
Сүйдім сенің ақ торғын тамағыңды,
Сүйдім сенің уыздай елжіреген –
Күн шалмаған мамықтай бұғағыңды.
Сүйдім сенің қос сүмбіл білегіңді,
Сүйдім сенің балқытқан жас лебіңді,
Сүйдім сенің құшқанда тал беліңнен
Соққан жиі лүпілдеп жүрегіңді.
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *