Жас жігіт таң атқанда талаптанған

Жас жігіт таң атқанда талаптанған,
Қояр ма өмір таппай, бақыт таппай!
Өскен гүл тұра ма екен шешек атпай,
Қоймақшы сандуғашты кім сайратпай.
Гүл жүзді, бұлбұл үнді, сырлы сөзді –
Жас ақын қояр ма жыр сорғалатпай.
 
Сынса да, сыр сандықтың бітпес сыры,
Сынығын жамап алдым, жоқ еш міні.
Бұйымы сандығымның басымда мол,
Таусылмас шашсам-дағы күні-түні.
Сандықтың кілтін ашсам, сыр тамады,
Жан сүйер, тәнің балқыр – нұр тамады.
Тамылжып, бойды серпіп, ойды желпіп,
Сорғалап күй тамады, жыр тамады.
Сандығым – тән азығы, жан азығы,
Сандығым – қуат, жігер, қан азығы.
Сүйдірген өз заманын, өз қоғамын
Сандығым – сана-сезім, ар азығы.
Сандығым – жас жүрегім, тілім кілті,
Сұлулап сырдан құйған іші-сырты.
Сақталған көкірегімде сыр сандығым,
«Сенікі», «менікі» емес, көптің мүлкі!
Тән тозып, қан суалмақ, – расында!
Тән қалар қара жерің жырасында.
Сонда да сыр сандығым жерде қалмас,
Сақталар ұлы тарих мұрасында.
Сенемін! Сақталар деп сыр сандығым,
Білінер! Бұл өмірде болғандығым!
Сандықты сақталғандай ете алмасам,
Не керек босқа туған адамдығым!
29 мамыр, 1936. Орал
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *