Жайқала бер, қызыл гүлім

Жайқала бер, қызыл гүлім,
Бірақ саған көз тимесін,
Қызыл гүлді жазғытұрым
Сұқтанбасын, кім сүймесін!
Әне бір қыз ақша маңдай
Күн келбетті, қара көзді
Сұлулықтың символындай,
Жан саясы, бал мінезді.
Келе жатыр ән шырқатып
Желпіп қызыл орамалын…
Жайқала бер шашақ атып,
Тарт сұлудың көз жанарын.
Қыздар қандай гүлге құмар,
Жақындатсаң, қалдың дауға,
Обалсынбас үзіп алар,
Тағып алып омырауға.
Риза емеспін ондай қызға
Солар гүлім – кетер тастап,
Не махаббат базарында
Жауқазынға айырбастап.
Ғафу, қыздар тыңдаңыздар,
(Күнәм болса, кешіріңдер),
Гүлге құмар болсаңыздар.
Үзбеңдерші,
(Өсіріңдер!)
Жайқала бер, қызыл гүлім,
Төңіректің көзін тартып
Айналаңда қағып күлім,
Қыздар жүрсін ән шырқатып.
Бақшамыздың кілті берік,
Саған келмес сырттан дұшпан,
Солдыра алмас аяз соғып,
Қауіптенбе қатал қыстан.
Қабақ түйіп келсе де күз,
Сені гүлім, солдыра алмас,
Бір болармыз біз екеуміз,
Мәңгі, мәңгі болармыз жас.
 
Қызыл гүлім, беріп сәулет
Құлпыра бер миуа бақта.
Беремін мен етіп букет
Болашаққа жас ұрпаққа.
Жайқала бер, қызыл гүлім,
Жүгірейін жеміс теріп,
Қызыл гүлім, — жас ғұмырым,
Ақын жанға болған серік
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *