Біздің байтақ еліміз,
Семьялардан құралған.
Елін сүйер, сеніңіз,
Өз семьясын сүйе алған.
Сүй еліңді – үйіңдей,
Сүй үйіңді – еліңдей.
Көкіректегі күйіңдей
Жырыңды жаз ерінбей.
1953
* * *
О, тағдыр, мені сауықтыр!
Айтатын жыр ойым бар.
Көңлім соған ауып тұр,
Алда бір қызық тойым бар,
Бір өзім емес көп үшін,
Көкірегім толы күйім бар.
Сау болып соны шертейін,
Ауыра берсем – қиындар.
Өлең мен күйден жаралған
Мен де бір адам ғажайып.
Құтқаршы, ауру, жараңнан,
Жазылып бір жыр жазайық.
Көңілдің күйін төгейік,
Арманда кеттік демейік.
Бәрін де беріп ел-жұртқа,
Қарыздар болмай өлейік.
1953
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ