Үстінде толқып жатқан кеудесінің
Қара шаш қара бұлтай желпілдейді.
– Ағажан, бұзылды ғой күн райы,
Ежелден белгілі ғой толқын жайы.
Қайталық, тіл алыңыз, әне алда
Толқынның ойнақтап жүр асау тайы.
Қайтпайтын әдетім бар алған беттен,
Қыз сөзін құп көрмедім сол себептен.
– Сескенбе, қарындасым, ән шырқай бер,
Бұдан да зор толқынды жарып өткем.
Даурығып әлденеге толқын шулап,
Көк ала айғырлардай жатыр тулап.
Таң қалып бұл қызыққа қарағандай,
Төбеде тұрды бұлттар будақ-будақ.
Бүйірін ескегіммен ірей тартып,
Толқынды алмау керек ашулантып.
Қасқырдай қамады кеп жан-жағынан,
Жіберді қайғымды қалтылдатып.
Қорқаудай көк жал толқын жетті екпіндеп,
Белінен қайығымның секірді кеп.
Құп-қу боп қыз үрейі кетті қашып,
Көзінен шыға келді жас мөлтілдеп.
Сонда да сыр берместен тарта бердім,
Толқынның ойнағына мен де үйрендім.
Көлденең келгенінің белін жаншып,
Ескекпен ентелесе, басқа пердім.
Айбары арыстандай бір долы бұлт
Ойнақтап, көк төсіне шықты жалт-жұлт
Гүрілдеп тұрды-дағы шарт етті ол,
Жаңғыртты, болғандай-ақ аспан быт-шыт,
Су ішпек болғандай-ақ Бурабайдан,
Бұлт төніп созды мойнын айнадайдан.
Ту асау толқындарға мініп алып,
Ән салып, Бурабайда салдық сайран.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ