Ай, Орағым, Орағым!
Жалғыз қалдың, қарағым!
Мамайжан еді ырысың,
Бір құрсақтан дүреген
Екеу еді туысың,
Екеуің жауға барғанда,
Жауыңды жеңді ұрысың,
Серіксіз қалдың, қарағым,
Дүние шіркін құрысын!
Қарағым Орақ, ой, Орақ!
Алаштан ұран шақырса,
Құрбысының алды Орақ!
Мамай кетіп алдында,
Туғансыз жалғыз қалды Орақ!
Атыңды дұспан атаса,
Мамай еді серігің.
Оркөз еді – көлігің.
Артында жалғыз сен қалып,
Мамайдың көрдім өлігін.
Мамайжан бойға біткенде,
Арыстан, бөрі етін жеп,
Қанып еді жерігім.
Мамай еді – қуатың,
Екі жыл шөлге қамады
Қалмақтың бермей суатын.
Айқай, енді күн қайда
Қойға тиген бөрідей
Жапыра қалмақ қуатын!
Қасыңа әскер ерітпей,
Мамай еді жолдасың.
Мамай тірі жүргенде,
Өткір еді алмасың…
Мамайжан тірі жүргенде.
Еліңді жауға бермедің.
Қолыңды алға сермедің,
Орманбет биді қалдырып,
Ноғайлыны тергедің.
Алтын тақтың үстінде
Ханмен қатар көлбедің.
Пәни дүние, қайтейін?
Екеуінің алдында
Қазам жетіп өлмедім!
Айналайын Орағым.
Жау жайлайтын жарағым!
Тайды жеген бөрідей
Тәуір еді талабың.
Тарқамаса игі еді
Тау бетінде қонағың!
Дұспандарға тіреген
Аумаса игі еді табаның.
Сары ала туың салбырап
Қалмақтың бұздың қамалын!
Хандардың білдің амалын.
Көзімнің Мамай нұры еді,
Хан кеңесі құрылса,
Сымбатты сұлу төре еді.
Жау кеңесі құрылса,
Жасқанбай шапқан ер еді.
Сасқандар ақыл сұраса,
Ойы терең өр еді.
Хан тарығып, халық сасса,
«Жабықпаңыз ноғайлы,
Жауың қайда?»— дер еді.
Белдемшесін белденген,
Көкірегі желденген,
Қара қошқыл қан жұтып,
Қан жұтпаса – шерленген.
Қалмақтың жерін жерлеген,
Болатын шарға қайраған,
Бедеу атын байлаған.
Шағанның бетін шаң қылып,
Төрт түлік малды айдаған.
Ауылдың сыртын шаң қылып,
Жылқыны топтап байлаған.
Орданың сыртын қоршатып,
Күндердің күні болғанда,
Құдайдан пәрмен болған соң,
Маңдайыма сыймаған!
Күмістен ожау ойдырған,
Қысаң қара сабаны
Тұс-тұсымнан қойдырған.
Алты қанат ақ Орда
Ішіне жібек жайдырған.
Егескен қанды күнінде
Алтын тақтан тайдырған.
Қараүлек анаң жоқтаған,
Тым-ақ алаш мақтаған.
Дұспанды жерге таптаған,
Досты сыйлап сақтаған.
Ақ кіреуке сауытым,
Ақ құрсағым ауырттың.
Жылай-жылай жалықтым,
Қайғы жұтып жабықтым,
Тас емшегім жібіттің,
Қу сүйегім еріттің.
Өкпе-бауырым суыттың,
Кәрі шешең қайғымен
Ағар бұлақ құрыттың.
Сары ала туды құлаттың,
Ел-жұртыңды жылаттың.
Құдай салды, мен көндім,
Бұл сапарды ұнаттың!
Жұртыңды жаулар қамады,
Ақ ордаңды талады.
Артыңда қалған жас бала
Қашан сендей болады?!
Қырық ұл туса бір күнде,
Орның қалай толады?
Жұртыңды дұспан ториды,
Кім мініп атқа қориды?
Жерді құртқан жез аяқ
Мінбей, түспей ариды.
Көзінің жасы көл болып,
Қараүлек шешең қартайды.
Ақ үйімнің арыстаны!
Боз үйімнің бостаны!
Алысқа кетіп келмедің,
Жасым жетіп мұңдадым.
Басыма қара күн салдың,
Ертеңді-кеш үн салдым.
Жауатын күндей құрсандың,
Жауды көрсең зең салдың.
Өңім-түсім біле алмай,
Ертеңді-кеш тамсандым,
Өлдің, Мамай, қор болдың!
Тірлігіңде зор болдың!
Дұспанға құрған тор болдың!
Қараүлек шешең зар болды,
Сауытың қалды сандықта.
Алғаның қалды тұлдықта.
Аңдысқан дұспан көп еді,
Елің қалды тарлықта.
Қараүлек шешең шерменде,
Таудай болған көңілім,
Тал бойыңды көргенде,
Неғылып тірі отырмын
Мамайжан бүгін өлгенде?!