ҚАРАҮЛЕКТІҢ МАМАЙДЫ ЖОҚТАҒАНЫ

(Нұрпейіс Байғанин нұсқасы)
 
Туырлықтай ту алған, Мамай,
Қылышын қанға суарған, Мамай,
Жау көргенде қуанған, Мамай,
Ертістің басы ер Шаған,
Еңіретіп мұны алған, Мамай,
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?
Әскерге қару ілдірген, Мамай,
Айбатты әскер жүргізген, Мамай,
Берен де жаға, бек сауыт,
Белсендіріп кигізген, Мамай,
Тастан өткен көк садақ,
Белге орай ілдірген, Мамай,
Досын сыйлап сақтаған, Мамай
Сансыз әскер болса да,
Одан қорқып саспаған, Мамай,
Нашарды бағып, жақтаған, Мамай,
Дұшпанды жерге таптаған, Мамай,
Қырымнан әскер жүргізген, Мамай,
Қуантып халқын күлдірген, Мамай,
Қарсыласқан жау болса,
Қан жаудырып бүлдірген, Мамай,
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?!
Сансыз әскер құра алған, Мамай,
Жауды көрсе қуанған, Мамай,
Ерлігі елге сыналған, Мамай,
Үртістің басы Ормақан,
Үй салдырып мұны алған, Мамай
Сөйткен патша Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?!
Үлкендер айтса тіл алдың, Мамай,
Жақсылыққа қуандың, Мамай,
Беренге беркін ту алдың, Мамай,
Қалмақтың басы Қараман,
Қан жаудырып мұны алдың, Мамай,
Сөйткен патша Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?!
Досын көрсе сүйінген, Мамай,
Құралдап әскер түйінген, Мамай,
Жау көрмесе күйінген, Мамай,
Жаулары жаннан түңілген, Мамай!
Құрал жиған дүйімнен, Мамай,
Қырымның басы Қытайдан,
Қырғын салып мұны алған, Мамай,
Салтанатын сан халықтан оздырған,
Алтыннан орда салдырған, Мамай,
Қара түн жауға төндірген, Мамай,
Сан жетпейтін көп әскер
Қарсыласып келгенде,
Қалдырмай есін тандырған, Мамай,
Еңселескен жау көрсе
Жасынның отын жандырған, Мамай,
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай!
Ерлікке бастап ту алдың, Мамай,
Белге буған ақ алмас,
Қызыл қанға суардың, Мамай!
Қуаты сен халықтың,
Үлкендер айтса тіл алдың, Мамай,
Орыстың басы Одаман
Үйіріп салып мұны алдың, Мамай
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай!
Шығыршықты көк сауыт,
Белге орай ілгіздің, Мамай,
Шалқытып дәурен сүргіздің, Мамай,
Байтақ ноғай халқыңды
Қуанышпен күлгіздің, Мамай,
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай!
Жау дегенде желіккен, Мамай,
Жау көрмесе еріккен, Мамай,
Ойлаған ақыл-кеңеспен, Мамай,
Талай жаумен егескен, Мамай,
Әскерін жиып теңескен, Мамай,
Әскерге қару ілдірген, Мамай,
Егескен жауын бүлдірген, Мамай,
Орақай садақ, сайкез оқ,
Беліне құрсай ілдірген, Мамай,
Ноғайлының ерлерге
Құмырсқа бел, құмар көз,
Қалмақтан сұлу сүйдірген, Мамай,
Ақкіреуке қамқадан,
Асыл киім кигізген, Мамай,
Құрал-сайман бәрі сай,
Ноғайлының жігітін
Сансыз жауға тигізген, Мамай,
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай?
Нұр сәулесін жаудырған, Мамай,
Қалмақ деген халыққа,
Қайғының отын жандырған, Мамай,
Талайдың есін тандырған, Мамай,
Кейінгіге үлгі сөз
Мирас етіп қалдырған, Мамай,
Сөйтіп жүрген Мамайға,
Не көрсеттің, көп ноғай?
Байтақ елді меңгерген, Мамай,
Жез аяққа жем берген, Мамай,
Азды көпке теңгерген, Мамай,
Адасқанға жөн берген, Мамай,
Жау дегенде тербенген, Мамай,
Тырп етсе қалмақ, жерге енген, Мамай,
Үш күн жауды көрмесе
Көкірегі шерленген, Мамай,
Сөйтіп жүрген Мамайға,
Не көрсеттің, көп ноғай?
Жау дегенде жатпаған, Мамай,
Табысына мақтанған, Мамай,
Беліндегі көк алмас
Сары алтынға қапталған, Мамай,
Қолындағы көк найза
Шын шынарға сапталған, Мамай,
Қара жерге қаптаған, Мамай
Сөйтіп жүрген Мамайға,
Не көрсеттің, көп ноғай?!
Бақытқа артық жолдылым, Мамай,
Сөйлеген сөзі үлгілім, Мамай,
Топтан озған дүлдүлім, Мамай,
Бақшадағы бұлбұлым, Мамай,
Ақ киіктің діңірі, Мамай,
Боздаданның сырнығы, Мамай,
Ақбоз үйдің ұйығы, Мамай,
Қашағанның құрығы, Мамай,
Жан Мамайдан айырылып,
Қор болдың, көп ноғай.
Алтыннан ожау ойдырған, Мамай,
Күмістен піспек құйдырған, Мамай,
Үйге мейман келгенде,
Ат семізін сойдырған, Мамай
Нашар менен пақырдың,
Бәрін сыйлап тойдырған, Мамай,
Жез аяқ тұлпар байлаған, Мамай,
Алмасын шарға қайраған, Мамай,
Жауды көрсе жайнаған, Мамай,
Табаны жаудан таймаған, Мамай,
Мәдік бас, үш – Ақшатты,
Жаз күнінде жайлаған, Мамай,
Шыңғыртып құлын байлаған, Мамай,
Жаудан елді қорғаған, Мамай,
Енгізген халықты ордадан, Мамай
Төресін тура жолдаған, Мамай,
Буыршынның бұйдасы, Мамай,
Көк найзаның сидасы, Мамай,
Сырлылардың сырласы, Мамай,
Пақырлардың мұңдасы, Мамай,
Патшалардың құрдасы, Мамай,
Көп ақылдың ордасы, Мамай,
Биліктінің жолдасы Мамай,
Адамның өткір алмасы, Мамай,
Жан Мамайдан айырылып,
Ақырында қор болдың, көп ноғай.
Басымнан бақытты арылттың, Мамай,
Көп күнімді тарылттың, Мамай,
Сексен жаста зарықтым, Мамай,
Қайғыланып жабықтым, Мамай,
Құса басып тарықтым, Мамай,
Жасым жетіп келгенде,
Артыңда жылап қалыппын, Мамай,
Тар құрсақты кеңейттің, Мамай,
Тұла бойымды еріттің, Мамай,
Тас емшегімді жібіттің, Мамай,
Астана елге сүйкімім, Мамай,
Қасіретке күйіппін, Мамай,
Жан Мамайдан айырылып,
Ақырында қор болдым, Мамай!
Белдемшесін белсенген, Мамай,
Соғысқан жауын меңгерген, Мамай,
Хандарды тақтан төңкерген, Мамай!
Жан Мамайдан айырылып,
Ақырында қор болдың, ноғай.
Алтын Орда бақшасын,
Гүлдендіріп жайнатқан, Мамай,
Бақшада бұлбұл сайратқан, Мамай,
Сарыбоз әскер ойнатқан, Мамай,
Еменді найза толғатқан, Мамай,
Жан Мамайдан айырылып,
Ақырында қор болдың, ноғай!
Қуантып халқын күлдірген Мамай,
Құралды әскер ерлерін,
Асқар шыңнан жүргізген, Мамай,
Асырмайтын Қаратау,
Ортасынан тілдірген, Мамай!
Сөйтіп жүрген Мамайға
Не көрсеттің, көп ноғай!
Ай, Орағым, Орағым,
Сөзімді тыңда шырағым,
Екеуің қатар тұрғанда.
Мақсат пен біткен мұрадым,
Бас кес десе, тас кескен,
Өткір алмас қияғым,
Егізіңнен айырылып,
Сексенде еңсеп құладым,
Асырмайтын алтын тау
……………………………
Қарағым, Мамай, құладың,
Болар ма еді арманым,
Артыңа қалса тұяғың,
Жылар ма едім шырағым.
Айбаты артқан өктем ер,
Жау сауытын сөккен ер,
Бір баланың зарынан,
Көздің жасын төккен ер,
Айтып-айтпай немене
Арманда болып кеткен ер.
Жасым жетіп келгенде
Басыма түсті уайым,
Қайырын хақтан сұрайын,
Сол секілді Мамайға,
Жыламай неғып тұрайын…
Арманда болған хан, Мамай,
Иманың болсын сыбайың.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *