1
Білесің ғой сен, ол кезде көктем болатын,
Құстар келетін сәуірге малып қанатын.
Үлбегей гүлдер қауыз жаратын сол шақта,
Сол ақын саған жырынан жүзік салатын.
Ол кезде қалқам көктем еді ғой шынымен,
Әуен ағатын бозторғайлардың тілінен.
Сол ақын саған хат жазар еді беймезгіл,
Сезімін өріп бірге көктемнің гүлімен.
Күз келді бүгін жамылып сары желегін,
Келмеске кетті көктемім менің көкөрім.
Қалқам-ай солай жоғалды сол күн жайдары,
Сол ақын солай жаза алмай қалды өлеңін.
Жетім жапырақ тұрады ылғи мұңайып,
Кел қалқам, соның көңілін барып сұрайық.
Сол көктем мүмкін келетін шығар қайтадан,
Алқызыл таңға тақпайық енді сірә айып.
Лайланбаса сезімдерімнің тұнығы,
Төгіліп тұрса ақ қайыңдардың бұрымы.
Көктемнің гүлін аршын төсіңе қадар ем,
Әлемді тербеп саусақтарымның дірілі.
2
Ішімдегі өртім,
Барады өртеп жанды.
Көктем – менің дертім,
Жазылмайтын мәңгі.
Еді жаным құштар,
Гүл жайнаған баққа.
Ұшып кетті құстар,
Оралмайтын жаққа.
Менен бәрі кеткен,
Келмесіне сенем;
Жоғалыпты көктем,
Жазылмапты өлең.
Қайтем енді қалқам,
Ұшты көңіл құсы.
Күз кейпінен қорқам,
Күрең тартқан түсі.
Асыл моншақ жаңбыр,
Айналғандай күзге.
Ей, адасқан тағдыр,
Көктеміңді ізде.
Жүзімдегі тозаң,
Мені күзде тапқан.
Жазайыншы ғазал,
Гүл терейін бақтан.
Жанында жоқ кіршік,
Адал едің неткен;
Қайта ашылшы бүршік,
Қайта оралшы көктем.
3
Жанарда тұнады елес,
Сен маған өкпелісің.
Көз жасым кінәлі емес,
Жоғалған көктем үшін.
Білемін келмейтінін,
Мұңымды ол тереңдетті.
Тек қана шерлейтінім,
Көзінде өлең кетті.
Алдымда ақ парағым,
Жүзіне көп қарадым.
Көктемде сүйген қыздың,
Есімін жаттамадым.
Көңілсіз боп барамын,
Мұңым да көп, қарағым!
Күлсем де мұңаямын,
Жыласам тоқтамадым.
Көктемнің пәк күндері,
Сездірмей ғаріптікті;
Жанымның ақ гүлдері,
Біртіндеп солып бітті.
Айналам ала сағым,
Жадымнан жаңылдырды.
Мінезі қарашаның,
Сәуірді сағындырды.
4
Біз екеуміз болыппыз бір-ақ көктем,
Сол бір көктем жанымды шуақты еткен.
Сезімімді білмесең сәуірдегі,
Арманымды айтсаңшы жылап кеткен.
Сол көктеме біздерді айырғасын,
Шартарапқа сыймады-ау шайыр басым.
Өзім жазған әнімнің әлі күнге,
Шырқай алмай келемін қайырмасын.
Өзін тапқан өмірде ерке өлеңнен,
Ақын едім көктемі ерте келген.
Енді бүгін Мәжнүнге ұқсап барам,
Сезімімен өз-өзін өртеп өлген.
Сырын айтты ақынша шешіліп түн,
Жетегінде жүріппін бос үміттің.
Көктемімді қарсы алмақ боп жүргенде,
Көктемнің келмейтінін кеш ұғыппын.
Жанарымның ішінде сұрақ тұнған,
Көктем, саған болар ем шын-ақ құрбан.
Көздерінен іздеймін арманымды,
Көрсем егер бір жанды жылап тұрған.
Күн бе дедім, қол жетпес Ай ма дедім,
Жылап кеткен арманым қайда менің?!.
Неге алдадың сен мені, неге алдадың,
Көктем мәңгі болар деп ойлап едім…
Х. Есеман