Шіркін, Байқал, Байқал!

Шіркін, Байқал, Байқал! — деп,
Кете бардым, ән шырқап…
Байқал бір сыр айтар деп,
Бір тоқталып, бір тыңдап.
Ұшты құстар көңілімнен,
Жанымда жыр толғадым.
Шымылдықтай төгілген
Араладым орманын.
Аспанменен егескен
Бастым зәулім шыңдарын.
Күркіреп көкте кеңескен
Бұлттың сөзін тыңдадым.
Өр толқынмен ойнадым,
Қақтым ұшқан құстарын.
Шолп-шолп еткен шортанын
Шоқтығынан ұстадым.
Жаттым бір кез құмартып,
Салқын самал сайында.
Би билеттім бұралтып,
Ақ балтырлы қайыңға.
Бұлт жамылып, аң қуған,
Шаңқылдап шың бүркітті.
Шықты бір кез алдымнан
Бурят-моңғол жігіті.
Маужыратып көл құсын.
Байқал деп ән шырқатқан.
Тағып шолпан шолпысын
Қыз да шықты бір жақтан.
Байқалдың ор түлкісін
Аңшы берді, алмадым.
Жарқылдатып шолпысын
Қыз шақырды, бармадым.
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *