Кімнің қай кез таусылыпты сайраны,
Ғажап-ақ қой жан біткеннің жайраңы.
Түнгі шаһар шамын жақты шырадай,
Бүгін түнгі көбелектер мейрамы.
Олар үшін жат көрінер күрсіну,
Атымен жоқ сезіміне тұншығу.
Сырт көзге олар шеттерінен періште,
Әрі сүйкімді де әрі тым сұлу…
Балиғатқа жетпей шашып шырынын,
Гүлі ашылмай лайлап алған тұнығын.
Әрбір гүлге бір қонады кешқұрым,
Қиып тастап қасиетті бұрымын.
Тесік моншақ жерде жатыр шашылып,
Махаббаты көкжиекке асылып.
Таңсәріде жылап жатты содан соң,
Көзін жасын Құдайынан жасырып
Х. Есеман