Сұп-сұлық жатты әкем алдыңызда

Сұп-сұлық жатты әкем алдыңызда,
Бүркеніп жайнамазын оң жақ төрде.
Көл-көсір жылау-сықтау үйдің іші,
Неткен күй күңіренген үлкен-кіші!
Құшақтап жыладыңыз сіз кеп мені,
Жалын боп өткен әке күйініші.
Жыламай, қарай бердім ынтамды сап,
Көзіме көріндіңіз әкем ұқсап…
Дариға, енді бүгін қан майданда,
Тағы да сізсіз мені жүрген аңсап.
Арқалап долы соғыс қанды жүгін,
Алдыңғы сапта жүріп келеді інің.
Шығыстың шолпанындай тартады көз
Жұққан қан өңіріне шинелінің.
Өзгердім, ағатайым, мен азырақ:
Көрінем бұрынғымнан сәл жасырақ.
Қарая түсті қайта шашым менің,
Естірек болдым енді, ақылдырақ.
1945
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *