Сен – фашиссің, мен – қазақпын.
Сен айтқандай «азиатпын».
Сен аспаннан «жұлдыз қақтың»,
Мен далада түйе бақтым.
Енді мынау қарайсың тек,
Дәрменің жоқ, көзіңмен жеп.
Арланасың, қорланасың,
«Тұтқын болдым тағыға» деп.
Егер де мен түссем қолға,
Қамар ең-ау темір торға.
Олай болмай, бұлай болды,
Біздің бақыт, сіздің сорға.
Сен – фашиссің, мен – қазақпын.
Сен айтқандай «азиатпын».
Таңқаларсың, «философым»
Ғажабына табиғаттың.
1944
Қасым АМАНЖОЛОВ