Нарын-ай, сені қайтейін,
Жатып қалған боз тайлақ
Жардай атан болған жер!
Жабағылы боз тоқты
Мың қой болып өрген жер.
Атам қазақ әжеген
Анықталып туған жер.
Кіндігімді кескен жер,
Кірімді аппақ жуған жер.
Жайық, сені қайтейін,
Аңаштың абат көрінген,
Жапырағы жерге төгілген.
Жапырағы жасыл ала қамқадай,
Бұтағы бұрама күміс алқадай,
Баттауығы білектей,
Ботташығы жүректей.
Балдырғаны соққыдай,
Боз сазаны тоқтыдай.
Балығының көптігі
Суына жылқы жаптырмас.
Бақасының көптігі
Адамға ұйқы таптырмас.
Шырмауығының көптігі
Шөккен түйе таптырмас.
Бұланы жырақ қараған,
Бұғысы қойдай тараған.
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған.
Мұрат Мөңкеұлы