КӨКШЕТАУ

Жаннаты жер мен көктің сұлу Көкше,
Ризамын бар ғұмырым Көкшеде өтсе.
Табиғат, таңғаламын тамашаңа,
Қандай күш жаратты екен сені ерекше.
Көп шығар көрмеген жер, дүние кең.
Сонда да тау бар ма екен Көкшеме тең?!
Берсе де Гейне-Рейнін, Гомер-Парнас,
Көкшемді мен айырбас етем бе екен?!
Құмарың Көкшетауды көрсең тарқар,
Адам түгіл аңның да көзін тартар.
Көктемде көреміз деп Көкшетауды,
Жосылар бұғы, марал, құлан, арқар.
Екі уақ ерсіл-қарсыл қайтқан құстар,
Көкшеге бір қонуға болар құштар,
Сықылды тіршіліктің жәрмеңкесі.
Ғажайып нендей сыр бар, нендей күш бар?!
Ұлпа бұлт бейне торғын орамалы,
Толқып кеп тау мойнына оралады.
Жайғандай жасыл ала жібек кілем,
Көкшенің кең құшағы, бар алабы.
Көк қасқа Көкшетаудың бетегесі,
Сықылды сепкен алтын күн сәулесі.
Тыңдаған бұлбұл үнін ойшыл орман,
Толықсып бас изесер ерте-кеші.
Секілді тоқсан ауыл тоқсан көлі,
Жалтылдап қарар-дағы тартар сені.
Аралап сұлу Көкше сай-саласын,
Шығады саяхаттап самал желі.
Тұп-тұнық қара барқыт түні қандай,
Рақат дүниесі ұйығандай.
Сұлудың алтын гауһар сырғасындай
Көкшенің иығында шалқиды Ай.
 
 
 

ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *