Жеті жұртты жалмаған

Жеті жұртты жалмаған,
Жұрт қойдың ба алмаған?!
Мұсылманның баласын,
Сен кіріптар қыларсың, Жайық-ай,
Сенің суың тәтті-ау салмаған.
 
Белгілі биік көк сеңгір,
Басынан қарға ұшырмас.
Ең қарауыл қарар деп,
Алыстан қара шалар деп,
Балдағы алтын құрыш болат,
Ашылып шапса дем тартар,
Сусыным қанға қанар деп.
Арғымақтың баласы
Арыған сайын тың жортар,
Арқа менен қосым қалар деп.
Ақ дария толқын күшейтер,
Құйрығын күн шалмаған балығым,
Ортамнан ойран салар деп.
Азамат ердің баласы
Жабыққанын білдірмес,
Жамандар мазақ қылар деп.
Байтақтың басы патшалар
Батуға жалғыз аса алмас,
Көкжалдар көзін салар деп.
Мен заманнан қорқып барамын,
Кейінгі өскен жас бала
Кіріптарда қалар деп.
Күндердің күні болғанда
Обалы маған болар деп!
 
 
 

Мұрат Мөңкеұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *