Жалғыз кезген жер-жаһанды
Күй қанатты бір жолаушы.
Тірілткендей өлі жанды,
Саңқылдайды жеңіс даусы!
Жеңіс даусы – құдіретті үн
Құйылды кеп кеудемізге,
Қалдық ұйып. Дүние шіркін,
Өліміз бе, тіріміз бе?
Тік көтеріп шаттық дауыл,
Өрт боп қаулап шықтық сыртқа.
(Өскен қала, туған ауыл
Не күйде екен осы уақытта?)
Көк төсінде жүзді оттар,
Қуаныштай жарқылдаған.
Кетті атылып ақтық оқтар
Винтовкадан, нагандардан.
Кетті атылып ақтық оқтар,
Кетті атылып ақтық ашу –
Кешегі қол – қанды шоқпар
Қызыл қанат ұсташы ту.
Келеді атып ғажайып таң,
Асыққандай игілікке.
Көрдім сені, байтақ Отан,
Шығып сол кез бір биікке.
Көрдім сені, жайдым құшақ,
Тоқтата алмай көз жасымды.
Құштым, сүйдім, ғашыққа ұстап,
Майдандас бір жолдасымды.
Жеңіс даусы – құдыретті үн,
Саңқылдайды, тебірентеді.
Шіркін адам, ұқтым бүгін,
Жаны қандай нәзік еді.
Көңілі қандай нәзік еді.
Көңілі қандай шалқар еді?!
Нендей ыстық махаббаты!
Құшақтасып ұшар еді,
Әттең ғана жоқ қанаты
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ