Ер-тоқымын салған соң

Ер-тоқымын салған соң,
Ат үстіне мінген соң,
Шын кетерін білген соң,
Талағы түскір қыз Қибат,
Сонда тұрып толғайды,
Толғағандай не дейді:
– Айналайын Қареке,
Не қылғаның, ағеке?
Өгей аға сен бе едің,
Қарындасың өгей мен бе едім?
Мен сенің бүйтеріңді білмедім.
Бүйтеріңді білгенде,
Кешегі кеткен әкеммен,
Бастасып неге өлмедім?!
Кешегі әкем кеткен соң,
Кемшілік басқа жеткен соң,
Жалғыз тайға саттың ба?
Атың әйел демесең,
Мен екеуіңнен кем бе едім?
Әкелі қыз азар ма,
Күлтелі көйлек тозар ма?
Мен кешегі әкем барында,
Белім сұлу болсын деп,
Бешпентпенен қынаған,
Шашым майда болсын деп,
Сары майменен сылаған.
Ойбай, әке, тұрсайшы,
Қибатың мұнда жылаған!
Ішімде шемен көп жатыр,
Әкем салған жол жатыр,
Ойбай, әке, тұрсайшы,
Екі бөрің жеп жатыр.
 
 
 

Мұрат Мөңкеұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *