Біз көп едік отырғанда,
Демалыс күн мәжілісте. –
Жау тиді де Ұлы Отанға,
Бұзды шырықты шаңқай түсте.
«Соғыс» деген бір зілдей сөз,
Кетті басып еңсемізді,
Ап-ауыр ғып түсіртті тез
Қолымыздан кесемізді.
Сағасында домбыраның
Сыңсыды да үзілді күй.
Ауыртты да ақын жанын,
Тынды сұлық қайран «Мәди».
Күлкі ерінде қалды қатып,
Қуанышты қуды қайғы.
Ойнасақ та мылтық атып,
Көріп пе едік біз мұндайды?
Айтар сөзін бітірмей жар,
Қарай берді жасы іркіліп.
Кеткендей-ақ қайғы-қанжар
Жар өзегін тіліп-тіліп.
Шала жиып дастарқанды,
Қоштасарда сәл кідіріп.
Сақтаймыз деп Ұлы Отанды,
Қан майданға кеттік жүріп…
Жалындаған жалынды өртке
Қотарылдық қара селдей.
Келіп жаумен бетпе-бетке,
Араласып кеттік сеңдей.
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ