Баурында «Оқжетпестің» тұрдым жалғыз,
Көл жатты күле толқып, айтып аңыз.
Үстінде Бурабайдың жарқ-жұрқ етіп,
Қайықпен келе жатты аққудай қыз.
Шақырдым: «қарындасым, кел бері» – деп,
Қайығын тосты маған қыз күлімдеп.
Көрмеге ол отырып, мен ескекке,
Толқыта кеттік тартып; жел соқты үдеп.
Жел соқты бізді әдейі сынағандай,
Жығылды жапырыла толқын жардай.
Біресе жайындай боп жон көрсетіп,
Біресе бүкететіліп айдаһардай.
Көк ала арландай боп абалайды,
Алды орап, соңнан қуып, жағалайды.
Біресе ауға түскен шортандай боп,
Құйрықпен қайығымды сабалайды.
Сескеніп сыр берместен келем есіп,
Тәкаппар тентек толқын кетті егесіп.
Лап беріп ұмтылады қайығыма,
Шегініп тұрады да аз кеңесіп.
Ентелеп келеді де, кері кетеді,
Біресе ойнаған боп тербетеді.
«Бойында өр қайраты бар ма екен» деп,
Сынамақ болад білем мені тегі.
Толқыннан мен бе болар қорқынышты,
Толқыны өз жанымның одан күшті.
Толқытып тарта бердім әнге басып,
Бір мезет қыз көзіне көзім түсті.
Көзінен нәзік сұлу көрдім жанын,
Оның да көлдей көңлі толқығанын.
Қауіптің қара құйын желі соғып,
Қашырып бара жатыр беттің қанын.
Үрпиген балапандай қыз үрейлі,
Дөңгелек көзі көлдей мөлтілдейді
ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВ