Аяған жүрегім жоқ жолдасымнан

Аяған жүрегім жоқ жолдасымнан,
Сый көрді не бір сараң мол Қасымнан
Жолдастың жүзін қайта алдым жинап,
Айрылсам алакөңіл он досымнан.
Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын,
Бақытын ойламаймын құр басымның.
Тымырсық түнек болсаң – дұшпаныңмын,
Ақкөңіл адал болсаң – сырласыңмын.
Боламын ақын Қасым әлі де мен,
Өлеңін бөбегіндей әлдилеген.
Қанатын қағып жылдам келер жылдар,
Бәрін де қарсы аламын ән-күйменен.
Бір күні от өмірім қалса өшіп,
Қайран ел, туған жерден кетпес көшіп.
Торқадай жамылып ап топырағын,
Жатармын өз жерімде бір төмпешік.
Дариға, о дариға, шіркін дәурен,
Басымнан таярмысың бір күн дәурен.
Жалт беріп жоғалар ма нажағайдай,
Жүзіңде шалқып тұрған күлкім, дәурен.
Тоқтамас өмірімнің сағатындай,
Жүрегім енді қанша соғар тынбай.
Тыншыр ма ақтық рет бір талпынып,
Мерт болған балапанның қанатындай.
Түсірген ой сәулесін шартарапқа,
Ақылдың алтын оты сөнген шақта.
Бұл күнде саңқылдаған сұңқар үнім.
Кетерсің судай сіңіп табиғатқа.
Сондықтан ап кел бері домбырамды,
Кеудеме күй қанатты қондыр әнді.
Берейін өмірімнен өлең жасап,
Шашайын оңды-солды сол мұрамды.
Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың

Қасым АМАНЖОЛОВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *