Әттең бір қапы дүние-ай!
Мынау Нарын деген қонысың,
Нарынбай байдың қонысы ед!
Сарыкөл, Самар – санды су,
Самарбай байдың қонысы ед!
Балығы тайдай тулаған,
Бақасы қойдай шулаған,
Мынау Жайық деген суыңыз,
Жайықбай байдың қонысы ед!
Жанарыстан, Үшқамыс
Алшағыр ханның қонысы ед!
Боқсақтың бойы боз қамыс,
Жаңбыршының ұлы Телағыс,
Телағыс байдың қонысы ед!
Арғы Еділден оқ атқан,
Бергі Еділге жоғалтқан.
Мынау Еділ деген суыңыз,
Еділбай байдың қонысы ед!
Қабыршақты, Қарасу,
Ол – Қазтуғанның қонысы еді.
Алыатаның ар жағы,
Талөкпенің бер жағы,
Мынау Сақмар деген суыңыз,
Ол – Едіге бидің қонысы ед!
Бесешкі, Еділ бетінде,
Бұлғыр таудың шетінде,
Бадашы деген кең тоғай
Ол – Ер Сидақтың қонысы ед!
Адырмақты Алатау,
Ол – Ер Орақтың қонысы ед!
Мұрат Мөңкеұлы