Әмір менен Темірді,
Ерегіскен дұшпанның
Шекелерін кемірді.
Сол секілді ерімді
Алып кетті бір күні,
Бұл қара жер жебір-ді.
Шеркештерді мақтасам,
Асауұлы Тұрланды-ай,
Жауды көрсе қырланды-ай.
Ерегіскен жерінде
Айғыр нардай жынданды-ай.
Таз болысын мақтасам,
Төремұрат, Өтенді.
Дұшпанға қылған қайраты
Былайғыдан төтен-ді.
Айтпай не ғып қояйын,
Сол секілді көкемді.
Адайыңды мақтасам,
Дәуімшар мен Құдабай,
Алдына келген дұшпаны,
Жапырылды шыдамай.
Бұрынғы өткен ерлердің
Қайратын айтсам мынадай.
Онан соңғы ерді айтсам,
Сүгір менен Досанды-ай.
Бір шікеттей көрген жоқ,
Зеңбірекпен тосарда-ай.
Бір ерегіс жерінде,
Кетік деген қаланың
Қазынасын қопарды-ай.
Осы күнде ер бар ма,
Ойлап тұрсаң соларды-ай…
Мұрат Мөңкеұлы