Құрбымен жағаласып бірге жатып,
Жарты құрт тату күнде жескен жерім.
Тайсойған, Орал бойы өскен жерім,
Қызығын дәулетінің білген жерім.
Ат мініп, мырзалардан нар жетелеп,
Қызылын әуестікке киген жерім.
Қиғаш қас, оймақ ауыз, бал тамақты,
Күнінде асаулықтың сүйген жерім.
Қой сойып үй басына, ойын қылып,
Жиылып жүруші еді қыз бен келін.
Шалқыған тасқын судай көңілін басып,
Біреуге пенде болды кербездерім!
Төртқұдық, Тұзжағасы, Алдаберген –
Қайран жұрт қонушы еді көлденеңнен.
Халқымның әр аулына түскен қонақ,
Жылқыдай болушы еді көлге келген.
Әр уақыт елімді айтып зарығамын,
Сағынып қайран жұртты шөлдегеннен.
Шыңырау құдығы еді Жақсыбайдың,
Төрт түлік айналасы малға жайылым.
Жылқыны көкалалы шатырлатып,
Маңкөтпен айдаған су Қуанбайдың.
Алланың құлы болсаң, бізге күлме,
Ісіне кім көнбейді бір құдайдың?!
Жоқ еді тәуір қоныс Қурайлыдай,
Боз тепсең жері жақсы, суы шайдай.
Алланың құдіретіне шараң нешік,
Мұрат Мөңкеұлы