Құдайым жалғыз жылда мұндай қылды–
Жоқ еді тәуір құдық Балталыдай,
Шарт өріс айналасы алты алуан.
Мол дәулет қарағаштай халықтан кетіп,
Кісімен бірдей болдық жаңа туған.
Сегізбай, Қаратал мен Көшентымық,
Алқада сөз сөйледім базар қылып.
Қырмызы қызыл жүзі құбылып-ай,
Дос жандар тұрушы еді үйден шығып.
Алланың құдіретіне шара нешік,
Болад деп ойлап па едік мұндай қылық?
Баймөңке – жер сауырысы, Тілеу, Құлан,
Қайран жұрт көнуші еді толықсыған.
Шай ішіп самаурыннан сәске түсте,
Көп еді тәкәппарсып мырзасынған.
Алланың құлы болсаң, бізге күлме,
Тап болар тасқан жұртқа мұндай ылаң.
Дүйсе мен Тоқпақ жайлайды Жездібайды,
Төрт түлік айналасы малға жайлы.
Тай сойған екі кісіге біздің елде,
Кетуші ек сараң десіп Мәтеш байды.
Адайды сегіз арыс араладым,
Көрмедім әлі күнге осындайды!
Мұрат Мөңкеұлы