Осы хатты оқығасын, атағы шыққан батырлар баруға
даярланып, қару-жарақтарын, әскерлерін дайындай бастады. Қарасайдың мінуге аты, тағынуға қару-құралы
болмайды. Қарасайдың ат алуға және пұлы да болмайды. Қарасай: «Бұл патша менің атымды тумай жатып
қайдан білді екен? Бүйтіп жұрт қатарынан қалғанша,
өлгенім артық қой», – деп, жұрттан жасырынып қашып,
екі ауылдың ортасындағы бір апанға келіп, жылап жатады. Қарасай жылап жата тұрсын. Ендігі сөзді Қарасайдың
шешесінен естіңіз.
Орақ батыр тірісінде Алауса-Масал деген қалмақтың
қаласын шауып, көп әскермен келе жатып, бір ауылдың
дөңіне келгенде, ол ауылдан бір қыз сияқты ақсақ әйел
адам дәретке барып отырған екен. Дәретін болып, жүре
бергенде, дәрет еткен жерінен аспанға қарай қара түтін
көтеріледі. Сонда батыр: «Апыр-ай, мынау тегін түтін
емес!» – деп, атын бауырға салып жіберіп келсе, жаңағы
қыздың дәреті жерді күйдіріп, түтіні аспанға шығып жатыр екен. Соны көреді де, батыр әскерін сол араға түсіреді.
Өзі қасына Қосай деген батырды ертіп, ауылға түсіп,
сұрастырып қараса, ауыл Шәлгез деген батырдың ауылы
екен. Қыздың оң қолы жазылмайтын бүкір екен, бір көзі
соқыр екен. Батырдың қызы бар дегенді естіп, байдың ұлы
мырза, бидің ұлы шора, әнші-домбырашылар айттыруға
келіп, көреді екен. Көрсе, әлгідей жеті мүшесінің үшеуі
жарымжан болғасын, алмай кететін көрінеді. Ауыл иесі
дана, қатыны өлген қырқар, тоқал құмар шалдар: «Бала
көтерсе, болады», – деп айттырса, оған қыз бармайды екен.
Сөйтіп жүргенде қыздың жасы қырықтың біреуіне келген
екен. Сонда Орақ батыр сол ауылда отырып қызбен бетпе-бет сөйлесіп, оны әйелдікке сұраған. Сұраса, әкесі берем деген, қыз да осы кісіге барам деген. Орақ батырдың
ол уақыттағы ойы: «Осы әйелден бала туса, өзімнің
аруағымды ұстайтын бала туар», – деп ойлап алған екен.
Бұл кісіден үш бала туады. Олар Қарасай, Қибат, Қази.
Шешесі үлкен баласы Қарасай апанда жылап жатыр деген
соң, өзі баласына келген екен. Сондағы айтқаны:
Қашаған Күржіманұлы