Мұрат:
Жантолы, жас күнімнен болдық телі,
Қыдыртқан жігіттіктің тентек желі.
Көп айдың көрмегелі болды жүзі,
Жантолы, үйіңнен шық көріскелі!
Жантолы:
Құдеке, жас күніңнен болдық телі,
Қыдыртқан жігіттіктің тентек желі.
Көп айдың көрмегелі болса жүзі,
Асықпай атыңнан түс сөйлескелі!
Мұрат:
Жантолы, жас күніңнен болдық телі,
Қыдыртқан жігіттіктің тентек желі.
Ақырып ат ұстамай, аттан түс деп,
Қарағым, маған айтшы, ненің желі?
Жантолы:
Болғанда сары жұлдыз қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Асығып, ат ұстамады деп айып етпе,
Көңіліміз – ояу, көзіміз – ұйқыда еді.
Мұрат:
Болғанда сары жұлдыз, қаз келеді,
Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.
Болғанша тапа-тал түс ұйқың қанбай,
Деп пе едің, хас әулие, таз немені?
Мұрат Мөңкеұлы