Келер деп мұндай уақиға

Келер деп мұндай уақиға
Болмады жұрттың есінде.
Ғаламат болды айтқандай
Жұманың ақшам кешінде.
Таудан биік сеңдерді
Бұлтпен бірге көшірді.
Адамның алды жатқанда,
Көз ұйқыға батқанда,
Терезеден су құйды,
Биіктен келіп сең үйді.
Қызылды-жасыл су жүрді.
Сұрапылдың желі зулады,
Зілмәнкенің үстінен
Ұлтарақтай қара жер таппай,
Қол ұстасып жұрт шулады.
Садақа айтты сасқанда-ай,
Зілмәнкенің басынан
Мұз жапырып асқанда-ай.
Мылтықтың атқан оғынан
Бір де осал тимеді,
Құтылмады қашқандар.
Екпінмен мұздар соққанда,
Кәршөндіктегі мастардың
Кеудесі кетіп, бас қалды.
Түкірігі жерге түспеген
Тәкаппарлар мұзды жастанды.
«От ішінде сақта» деген сөз
Қайсысын аман сақтады?!
Ғаламат мұндай болған соң,
Таңертең тұрып қараса,
Кейбіреу жетім жас қалды,
Талайлар мұзды жастанды.
 
 
 

Қашаған Күржіманұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *