Біреулер қалды анасыз,
Біреулер қалды баласыз,
Біреулер қалды жалғыз қарасыз.
Аюдан мықты білекті,
Қабыландай батыр жүректі,
Кесті деп Алла тілекті,
Ел айрылды ерінен,
Сөзіменен дем берген,
Адасқанға жөн берген,
Ақылгөй абзал көлінен.
Кербездер кетті керілген,
Бір басуға ерінген.
Пір параны мұз алды,
Біреулердің белі сынып майрылды,
Біреулердің қанаты сынып қайрылды,
Бір атадан біреулер
Жалғыз қалып, қайғырды.
Талай кетті бозбала,
Талай сұлу қызғалдақ,
Талайдың кетті әсемі.
Таспағанға тасқанның
Бұ да тиген әсері.
Қырғауылдай қызыл нар,
Алшаңдаған асаулар,
Азбарда тұрып жем жеген,
Аяғын әсем сермеген,
Кербездер мінген ат кетті.
Байлардың жиған тырнақтап,
Сарала деңмент қылып бау,
Мұра деп салған зат кетті.
Қашаған Күржіманұлы