Атам Орақ, Ер Мамай
Қасарған жауға кел деген,
Мен – бір жез бұйдалы нар тайлақ
Сүйретіп жез бұйдасын,
Желге қарай өрлеген.
Және мен – жез шынжырлы құнан піл,
Сүйкенермін барып қалаға.
Тәңірім берсе тілекті
Сонда біздей жетім балаға!
Сен апакеңмен елге қайт,
Алды-артыңа қарамай.
Мұнша жерге келгенсін,
Кеткенімді халық білген соң,
Енді елге қайта жүгіріп,
Мен бір доп ойнауға шыққан бала ма?
Айналайын інім-ай,
Қызғалдақтай қызыл гүлім-ай,
Енді ауылға мен қайтсам,
Ұят болмай ма мұным-ай?!
Алып келермін Қосайдың
Тоғыз сусар қара тоны мен
Тоғыз күң мен тоғыз құлын-ай,
Ұйтқыған жүрек басылмас
Бір тайпа елге ұрынбай.
Сендер айтқан түстерді
Мен де көргем бұрын да-ай.
Бірақ атам Орақ, Ер Мамай
Талай түскен тіркеуге.
Мұнан да келген аман-сау,
Мұрындығы жырылмай.
Сен апаңмен елге қайт,
Мен кетейін енді бұрылмай.
Қашаған Күржіманұлы