Сәлем бере келіп ем,
Жасы үлкен Бұдабай.
Бермей кетсем сәлемді,
Дейсің ғой өзің бұ қалай.
Озып бәйге алған ең
Жарыстарда сен талай.
Өрт едің қаулаған,
Өлең едің заулаған.
Аузыңмен құс тістеген,
Қыран ең ілмей түспеген.
Көндіруші едің талайды,
Өлеңдете күшпенен.
Мерген едің жасыңда,
Оғың жерге түспеген.
Кәрілік, шіркін, бұл күнде
Өз айтқанын істеген.
Дауысың тарлан тартыпты,
Түскеннен соң тіс деген.
Жоқтау жазып беріпсің,
Әйеке кеше өлгенде,
Айтыпты оны қыздарың
Ағыбай батыр келгенде.
Ырза болдық бәріміз,
Жасымыз бен кәріміз,
Естігенде жоқтауды.
Мылтықтай екен әр сөзі
Атуға дайын оқтаулы.
Ел-жұртыңа салатын,
Шүкір бол, – деп жоқтауды.
Аман боп жүр, Бұдаеке,
Ертең біздер қайтамыз.
Көрдік деп Бұда ақынды,
Сұрағандарға айтамыз.
Құлыншақ Кемелұлы