Қарның ашып келгенде
Жүрегіңді жалғауға
Нәсіп болған бұл ағаш.
Пайғамбарлар туғанда
Бесік болған бұл ағаш.
Ибраһим Қағбасалғанда
Есік болған бұл ағаш.
Мұнаралы әр жерде
Мешіт болған бұл ағаш.
Шеберлердің қолында
Кәсіп болған бұл ағаш.
Өзінді халық Сұпы дейді
Боқтағаның қай ағаш?!
Бұрынғы өткен заманда
Болған екен көп ұрыс.
Көп ұрыстың кезінде,
Жәбірейіл Жәннеттен
Алып келген төрт қылыш.
Төрт қылыштың атын айтайын:
Біреуінің аты Хамхам,
Біреуінің аты Сәмсам,
Біреуінің аты Зұлқажжа,
Біреуінің аты Зұлпықар.
Қынабына солардың
Қап та болған бұл ағаш.
Аруақты ерлерге
Жақ та болған бұл ағаш.
Найзасына батырдың
Сап та болған бұл ағаш
Қашаған Күржіманұлы