Хазіреті Нұхы пайғамбар:
«Тағат етің», – деп жылаған.
Айтқанына көнбеген
Қауымында бір адам.
«Бұл шәһәрдің жүзіне,
Алла, пәле жібер», – деп,
Шынымен сонда сұраған.
Сұраған тілек бойынша
Жердің бетін қаптап ғаламат.
Қырық аршын терең су алып,
Нұхының қауымын су жұтты.
Әзәзіл шайтан азғырып,
Тура жолдан жазғырып,
Лұд пен Аухат қауымын
Деп айтады жер жұтты.
Нұреке, мысал айтайын:
Сахарада көшіп жүргенде
Нар аунаса шаңдаққа,
Аяғы тиіп бақыртар
Бота менен тайлаққа.
Қапталдағы көп жаман
Сені мен маған ұрынса,
Түсіп кете жаздайды
Түбі жоқ терең айлаққа.
Қанатты тұлпар сен едің,
Қосылып жүрген байраққа.
Дүбірлі дүлдүл шайырсың,
Кіші жүз бенен Орта жүз
Атағың кеткен аймаққа.
Батаңды берсең, жылдам бер,
Ұзаққа созып жайлатпа.
Қашаған Күржіманұлы