ТӘНІҢ ДЕ МЕЙМАН ЖАНЫҢА…

Жаратқан, медет бере көр
Жағым менен тіліме.
Құдіретім, медет бере көр
Кеудемнен шыққан үніме.
Кіші де болса көңіл қой,
Артыңнан ерген ініңе,
Інің де жарар күніңе!
Бір үйдегі нешеусің,
Күні-түні келгенде,
Біреуің мейман біріңе.
Кейбір күні келгенде,
Қайырласың қаныңа.
Жаныңа жапа жеткенде,
Жалынарсың малына.
Бір-бірің түгіл кей күні,
Тәнің де мейман жаныңа.
Әуелі сені туғызған,
Беліңе садақ буғызған,
Қашар жауды қашырып,
Қашыр мініп қуғызған.
Алақаны аялы,
Бір жаныңа саялы,
Үйде отырсаң – малқорың,
Далаға шықсаң – қамқорың,
Бір қайранын тигізген,
Азды-көпті мал беріп,
Алма мойын, аршын төс,
Біреудің қызын сүйгізген –
Әкең өлмес болсайшы!
Әуелі құдай жеріткен,
Тас емшегін еріткен,
Тар құрсағын кеңіткен,
Мен жерікпін дегізген,
Жерік асын жегізген,
Аязды күні айналған,
Бұлтты күні бұланған,
Қырға шықса белім деп,
Ойға түссе тізем деп,
Аман-есен ұл тапсам,
Жарық болар жүзім деп,
Ішінде анаң қозғалтқан
Құдіретімен құдайдың.
Анаңыз бір күн толғатқан,
Толғатып барып оң жатқан.
Сіздерді ана тапқанда
Сай-сүйегі жарылған.
Ойлаңыздар, отырған,
Жетім бала не қылған?
Тал бесігін таянып,
Түн ұйқыдан оянып,
Аузынан мәмәш тойдырған,
Астына түбек ойдырған.
Сылап-сипап өсірген,
Сүндеттетіп кестірген.
Қарағым деп қалқитып,
Тойдан бүйрек жестірген.
Анаңнан қамқор бар ма еді,
Шешең өлмес болсайшы!
Атың арып келгенде,
Аңыңды аулап келгенде,
Атыңды шығып байлайтын,
Астыңа төсек тастайтын,
Үйінде дәмі бар болса,
Ауызыңа ұстайтын.
Қадіріңді білетін,
Атыңа жемді ілетін,
Қашан үйден кеткенше,
Бәйек болып жүретін,
Шешеңнен соңғы қамқорың –
Апаң өлмес болсайшы!
Еруде үйдің еркі екен,
Көшкенде көштің көркі екен,
Қой бастаған серке екен,
Алыста жүрсе жылайтын,
Жақында жүрсе сұрайтын,
Шалдығып-шаршап келгенде
Бір күніңе жарайтын,
Апаңнан соңғы қамқорың –
Қарындас өлмес болсайшы!
Қалың беріп, қалыңдық
Жігітіңде ойнасаң,
Текті жерден қыз алсаң.
Өзің тыстан келгенде,
Астыңа төсек тастайды,
Үйіңде дәмі бар болса,
Ауызыңа ұстайды.
Өзіңнен басқа кісіге,
Әсілі, ақыл қоспайды.
Даладан келген дос-дұшпан,
Бәрекелді, шіркіннің
Қосағы деп қоштайды.
Жары жақсы жігіттің
Әбүйірі осындай-ды.
Қосағың жақсы қосылса,
Түзеледі күлкіңіз.
Үй кісің өтсе дүниеден,
Бұзылады мүлкіңіз…
Осынау қысқа ғұмырда
Қосағың өлмес болсайшы!
Алдыңда тұрса терегің,
Әр нәрсеге керегің.
Көретұғын көзіңіз,
Сөйлейтұғын сөзіңіз,
Басшыға ағаң жоқ болса,
Көмексіз кісі көрнексіз!
Соқыр малдай қаңғырып,
Не болар едің өзіңіз.
Алатаудай айбатың,
Дұшпанға қылар қайратың –
Ағаң өлмес болсайшы!
Алдыңда тұрған ырысың,
Аз ғана күн тынысың,
Жалқы туған жігіттің
Көрген құны құрысын.
Құрысын демей не дейін,
Үйге барсаң – түзің жоқ,
Түзге барсаң – үйің жоқ,
Бітпейді сірә бір ісің.
Жалқы тусаң атадан,
Жоқ құйрығың, қанатың.
Дұшпаныңды қор қылар,
Құрыштан соққан болатың.
Ер жігіттің қанаты –
Інің өлмес болсайшы!
Адамзаттың миуасы,
Әлдилеп сүйген баласы.
Артыңда перзент жоқ болса,
Көрген күнің не болар,
Бұл жалғанның әуесі.
Артыңда перзент көп болса,
Кіріп келсең есіктен,
Төрге таман кел дейді,
Ақыңды ешкім жемейді.
Әзілдеп айтқан сөзіңді,
Халқың шындай елейді.
Ойлаңдар, беглер, ойлаңдар,
Перзентсіз ерді не дейді?
Тау болмайды бұлақсыз,
Көл болмайды құрақсыз,
Малсыз адам тұяқсыз,
Ұлсыз адам шырақсыз.
Құда-құда дескенде,
Қоңыраулы малдай сылдырап,
Қыз бойжетіп өскенде,
Ұзатып біреу алғанда,
Шығарып үйден салғанда,
Кедей байғұс арманда,
Қыз балаң өлмес болсайшы!
Тау болмайды адырсыз,
Тал болмайды тамырсыз.
Қожа да жұртты жұрт қылмас,
Зекеті жоқ нәзірсіз.
Өлгеннен соң білерсің,
Айта-айта жүрерсің,
Тірлігіңде өтерсің
Бір-біріңе қадірсіз!
Ойлаңдар, беглер, ойлаңдар,
Осы айтқан сөзім әзілсіз!
 
Құлыншақ Кемелұлы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *